Алматыда электр желілерін цифрландыру және апаттық дайындық күшейтіледі.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында "Алатау Жарық Компаниясына" барып, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Алатау Жарық Компаниясы" – Алматы мен Алматы облысындағы 4 миллионға жуық тұтынушыны электр энергиясымен қамтитын ең ірі таратушы ұйым. Компания басшысы Абай Асылов әкімге кәсіпорынның қызметін, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен стратегиялық жоспарларды таныстырды.

"Сапар кезінде қала басшысы өндірістік бөлімшелерді аралап, электр жабдықтарын жөндеу цехын, диагностикалық қызметті және апаттық жағдайларға арналған арнайы техниканы көрді. Соңғы жылдары жүзеге асқан инвестициялық бағдарлама аясында 344 шақырымнан астам кабельдік желі салынып, 129 трансформаторлық қосалқы бекет жаңғыртылған. Ал 2025 жылы 115 шақырым кабельдік желі салу, 21 қосалқы бекетті жаңғырту және 15 трансформаторлық қосалқы бекетті заманауи үлгіге ауыстыру жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Backstreet Boys Алматыға келді: 19 қыркүйекте Орталық стадионда концерт өтеді


Дархан Сатыбалды сенімді әрі үздіксіз электрмен жабдықтау Алматы тұрғындарының жайлы өмірі мен қаланың тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Әкім компания басшылығына ескірген желілерді жедел жаңғыртуды, күзгі-қысқы кезеңге дайындықты күшейтуді, цифрлық технологияларды енгізуді және апатты жағдайда халықты жедел хабардар ету жұмыстарын жолға қоюды тапсырды.