Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген.
Оның сөзінше, Бекетаевқа қатысты қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі көлемде ұрлық және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу деректері бойынша тергелген.
"Бұл іс "Құпия" белгісімен тергелгендіктен, іс материалдары мен қылмыстың мән-жайы жария етілмейді", – деді Данияр Биғайдаров.
Бекетаевтың ісі
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты деректер құпия. Министр 2023 жылы қазанда қамауға алынған болатын. Күні бүгінге дейін қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Бекетаевқа "үлескер компаниялардың мүддесін қолдап, мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді" деген айып тағылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!