Алдағы 2026 жыл — Халықаралық Еріктілер жылы. Бұл Қазақстанның бастамасы.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025-ті Халықаралық бейбітшілік жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған сәйкес, былтыр әлемнің барлық аймақтарында бейбітшілікті орнатуға және адамзаттың ортақ мәселелерін шешуге күш жұмсалды. Ал 2026 жылдың басты тақырыбын БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

Әлемде елдік істі ақысыз атқаруға дайын жандар бар. Келе жатқан 2026 жылды БҰҰ Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл бастаманы ұсынған Қазақстан, яғни Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Қарарға Армения, Боливия, Германия және Кения қолдау білдірді. Нәтижесінде құжатты қабылдауға БҰҰ-на мүше 54 мемлекет қатысты. Онда еріктілердің қоғамдағы рөлі мен олардың тұрақты даму мақсаттарына жетудегі ықпалы кеңінен талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Осындай құрметті жиында Халықаралық еріктілер жылының басталуына орай сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маңызды қадам біздің ортақ мақсатымызды, яғни еріктілікті дамыту мен оның ұлттық және жаһандық прогреске қосқан үлесін нығайтуды көрсетеді. Қазақстан осы бастаманы ұсынды, және осы айтулы жыл бойы, одан кейінгі кезеңде де әлеуметтік маңызы бар еріктілік қызметті қолдау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттермен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастырады . Біз ерікті болудың тұрақты даму мақсаттарына жетуге үлкен ықпал етіп отырғанына сенімдіміз.

Еріктілердің күші мен ықпалы әрбір өңірде, әрбір қоғамда ерекше көрініс табады. Волонтёрлердің көмегімен жоғын түгендеп, барын бүтіндеп, қолдау көріп отырған отбасы көп. Олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі апат аймақтарына ас-су жеткізіп, атылған оқ пен жарылыстарға қарамай медициналық көмек көрсетеді, психологиялық қолдау танытады. Тентіреген халықтың мұңын тыңдап, үміт сыйлайтын да осы ерікті. Бұл игі ісі үшін олар ақы алмайды. Бірақ сауапты іс жасаудан жалықпайды.

Анналена Бербок, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:

- Еріктілердің әлеуеті мен күш-қуаты әлемді құтқарады. БҰҰ бағдарламасында 150 қызметкер ғана ресми жұмыс істейді. Ал дүниежүзі бойынша 169 елде 15 000 ерікті еңбек етеді. Олар гендерлік теңдік, климаттың өзгеруіне бейімделу қақтығыстар мен экономикалық даму сияқты маңызды бағыттарда қолдау көрсетіп келеді. Қазір қарулы қақтығыстар өршіп тұрған өңірлерде вакциналау жүріп жатыр. Онда кез келген адам өз еркімен көмекке бара бермейтіні анық.

Бүгінгі қоғамға білімді, саналы, мейірімді ұрпақ керек-ақ. Ерікті деген сөздің өзін жастар арасында көбірек насихаттау, оның ұғымын тереңірек түсіндіру маңызды. Ендеше 2026-ны мүмкіндіктер жылы деп атауға болатын шығар. Жаңа жыл халықаралық қауымдастыққа жанкешті еріктілердің еңбегін бағалауға, олардың ықпалын арттырып, жастарды волонтёрлік қызметке тартуға үлкен мүмкіндік береді. БҰҰ өз кезегінде, бұл шараның бүкіл әлемде кең көлемде аталып өтуін және еріктілердің қоғамдық қызметке қосқан үлесін айшықтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Мерей Талап