Жетісу облысы Талды ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдасып, жаңа саябақ салды.

Бір гектар жерді қамтитын демалыс орны қазір ауылдың ең көрікті жеріне айналып отыр. Жаңа саябақта балаларға арналған ойын алаңы, жаяу жүргіншілерге жайлы жолақтар, шағын субұрқақ пен жарықшамдар орнатылды. Құрылыс жұмыстарына ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен азаматтар қолдау көрсеткен. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі «ауылдық қордан» бөлінген. Бұл қор ұзақ жылдан бері елді мекеннің дамуына бағытталып, оның жұмсалуын ақсақалдар алқасы қадағалап келеді. Жергілікті жұртшылық енді өздері салып шыққан саябақта тынығып, балаларын ойнауға әкеліп, таза ауада серуендей алады.

Нұрмұхамет Атамбеков, Талды ауылының тұрғыны:

- Жетісу облысы бойынша біздің ауыл көрікті ауыл. Таза ауыл деп айта аламын. Себебі бәрі салынып жатыр. Саябақ, мектеп, газ және су бар. Ауасының өзі қандай керемет. Ең күшті ауыл деп айтуға болады.

Қуандық Әшіржанов, Талды ауылдық округінің әкімі:

- Қазан айынан бастап көшет егу уақыты басталған кезде, ауылымызда әлі де абаттандыру, жасылдандыру ойымыз бар.