Елорда әуежайда дүниежүзілік біріншіліктің жеңімпаздары Айбек Оралбай мен Санжар Ташкенбайды жұрт салтанатты түрде қарсы алды. Чемпиондарды күтіп алуға жүзден астам адам жиналды. Жанкүйерлер спортшыларды тарихи жеңісімен құттықтап, естелікке суретке түсті.

Ливерпуль қаласындағы бокс бәсекесінде Ұлттық құрама спортшылары 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ жарды. Санжар Тәшкенбай 50 келі салмақ дәрежесінде 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Айбек Оралбай аса ауыр салмақта топ жарды.

Айбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

- Білдіке біз бокс оңай болмайды. Жеңісті де ешкім жайдан жай бергісі келіп тұрған жоқ. Сондықтан барымызды салдық. Аса ауыр салмақ. Бұл өзбектер осы күнге дейін бермей келе жатқан салмақ. Қалай болса да сол салмақты өзімізге алу бізге бұйырыпты енді. Мақсатымыз – Азия ойындары және 2028 жылы Лос-Анджелес ойындарына қатысу.

Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері:

- Балалар жақсы еңбек етті. Талай мамандар бізбен бірге жұмыс атқарды. Диетологтар, психологтар бар. Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз деп ойлаймын. Алда алар белестеріміз көп, соларды бағындырамыз деген ойдамыз.