Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде және бірқатар ақпараттық ресурстарда тараған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы мәліметтерді ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталықтың мәлімдеуінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және қоғамда жалған пікір қалыптастыруға бағытталған.
«Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлайды: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.Орталық ресми мәлімдейді: әдейі жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, болып жатқан оқиғаларға бұрмаланған көзқарас қалыптастырады», делінген хабарламада.
ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров та бұл ақпаратты жоққа шығарып, тараған хабарламаны «журналистік этика мен қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу» деп атады.