Италияда елдің солтүстік өңірлерін азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев Триест қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыста Италияның солтүстік өңірлерін азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының тоғызыншы корпусы 30-шы дивизиясының 36 қазақстандық жауынгеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға жергілікті билік органдарының, азаматтық қоғам ұйымдарының және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Елші Е.Сембаев іс-шараға қатысушыларды Жеңіс мерекесімен құттықтап, бұл мерекенің адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста туған жерін қорғаған ата-бабаларымыздың өлмес ерлігінің символы екендігін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар өз еріктерімен майданға аттанып, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өмірлерін қиды.
"Бүгін Триест қаласындағы ескерткіштің арқасында біз жеңіс үшін жан тапсырған сарбаздардың есімдерін мақтанышпен еске аламыз. Біздің жүздеген отандастарымыз өздерінің өлмес ерліктерімен Ұлы Жеңіс тарихына өз есімдерін мәңгілікке жазды. Триестті азат етуге қатысқан 36 қазақстандықтың және соғыстың басқа да батырларының есімдері біздің есімізде мәңгі сақталады", – деді Е.Сембаев.
Ескерткіш 2010 жылғы 25 сәуірде ашылған. Оның авторы қазақстандық мүсінші А.Құтанов. 2025 жылы ескерткіш Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Фриули-Венеция-Джулия аймағындағы Құрметті консулы Лука Беллинеллоның көмегімен қалпына келтірілді.