Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 34 жылдығы қарсаңында Женевадағы БҰҰ штаб-пәтерінде "Қазақстан" залының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шарада Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (КХҰ) Бас директорының орынбасары Угочи Дэниелс құттықтау сөз сөйледі. Құрметті қонақ ретінде танымал қазақстандық әнші, Қазақстанның Ізгі ниет елшісі және КХҰ-ның Жаһандық ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген қатысты.
Іс-шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және қазақстандық диаспора мүшелері келді.
"Қазақстан" залы – бұл жай ғана кездесу орны емес, бұл Қазақстанның көпжақтылыққа, диалог пен бейбітшілікке деген адалдығының символы. Біз оның есігін бүгін Димашпен – әлемдегі миллиондаған адамды біріктіретін дауыспен бірге ашып отырғанымызға қуаныштымыз", – деді өз сөзінде елші Қ. Төребаев.
Рәсім барысында КХҰ Бас директордың орынбасары Угочи Дэниелс Д.Құдайбергеннің КХҰ-ның Жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалғанын ресми түрде жариялады. Димаш сондай-ақ 2024 жылы іске қосылған аттас ұлттық жоба аясындағы алғашқы Қазақстан ізгі ниет елшілерінің бірі болып табылады.
Қонақтарға арнаған сөзінде Д.Құдайберген музыканың аударманы қажет етпейтін әмбебап тіл екенін атап өтті. Ол қазақ әндерін үйреніп, ұлттық аспаптарды игеріп, Қазақстанға келіп, оның мәдениетін шынайы танып жүрген Dears атты өз тыңдармандары туралы ерекше жылы ықыласпен айтты.Әртістің айтуынша, бұл оған бейбітшілік, мейірім және бірлік туралы үндеуін жеткізуге шабыт береді.
Қонақтарға әншінің "Киелі мекен" бейнеролигі және оның Ізгі ниет елшісі ретіндегі қызметі туралы КХҰ бейнематериалы көрсетілді. Іс-шараның соңында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.
"Қазақстан" залы – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына жасаған ерекше сыйы. 2013 жылы залды Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан. Декордың негізгі элементтері – ұлттық ою-өрнек пен тарихты бейнелеген қолмен тоқылған гобелендер. Ұлттар Сарайын қайта жөндеуден өткізгеннен кейін, зал қайтадан конференциялар, мәдени іс-шаралар және кинолар көрсету үшін Женева халықаралық қауымдастығының игілігіне берілді.