Үкімет отырысында «BTS Digital» компаниясы директорының міндетін атқарушы Ержігіт Балқыбеков атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну бойынша пилоттық жобаны таныстырды. Азаматтардың осал санаттарын атаулы қолдауға бағытталған жоба – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ырықтандыру шеңберінде іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ержігіт Балқыбековтың айтуынша, ұсынылып отырған тетіктің негізгі қағидаты – айналым қаражатын 0,01%-бен толықтыру үшін кәсіпкерлік субъектілерге қайтарымды кредиттер беру. Оның орнына сауда желілері тауарларды нарықтық бағадан төмен баламалы бағамен тек АӘК алушылар үшін босатуға міндеттенеді.
Пилоттық іске қосу Ақкөл қаласында өтті. Қыркүйек айының соңына дейін осындай жүйе Көкшетау мен Павлодарда іске қосылады. Жоба сәтті болған жағдайда АӘК алушылар саны 245 мың адамнан асатын бүкіл ел бойынша кеңейтілетін болады.
Жоба «eGov Mobile» электрондық үкімет порталы аясында іске қосылған жеке сервис – «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жоба аясында ваучер сомасын анықтауда бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК – 3 932 теңге) әрбір отбасы мүшесіне қолданылады. Мысалы, егер АӘК алушы отбасында 4 адам болса, ваучер сомасы шамамен 16 мың теңге болады. Бұл сома жеңілдік көрсеткіші ретінде пайдаланылады – тікелей ақшалай көмек емес, тек жеңілдік алу үшін жарамды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша алушылардың тізімі «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі арқылы қалыптастырылады және «Әлеуметтік әмиянға» беріледі. АӘК алушылар дүкеннің кассасында QR – кодты ұсынады, онда оларға әлеуметтік маңызы бар-нан, жарма, көкөніс, ет және сүт өнімдерінің тізбесінен тауарларға жеңілдік беріледі. Нарықтық және жеңілдікті баға арасындағы айырмашылық ваучерден алынады, ал қалған соманы сатып алушы төлейді.
Жоба тұрақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады. 35 млрд теңге сауда желілерін жеңілдікпен кредиттеуге, ал 65 млрд теңге – отандық фермерлер мен өндірушілерден өнімді форвардтық сатып алуға бағытталады деп жоспарланып отыр. АӘК алушылар үшін жеңілдіктің жалпы мөлшері сауда үстемесінен бас тарту және төмендетілген бағамен сатып алу есебінен 25%-ға жетуі мүмкін.