«Ақылды жүйемен» жабдықталған құралдар әуеден барлау жүргізіп, тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пилоттық жоба өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында да сәтті сыналды.

«Ақылды жүйемен» жабдықталған дрондар аспанға көтерілді. Бір мезетте қаланың 5 аумағын автоматты жағдайда қамтып, заңсыздықтардың алдын алуға жұмылдырылды. Енді әрбір күмәнді әрекетке қатысты фото-видео дәлелдемелер нақты уақыт режимінде басқару орталығына жолданады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қала аумағын пилотсыз аппараттармен бақылау күшейтілді. Енді заңсыз қоқыс полигондарына қарсы әуеден барлау жүргізіліп, тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады. Басты мақсат экологияны қорғауға бағытталған.

Биыл геопорталдың ғарыштық түсіріліменен 46 қоқыс үйіндісі анықталды. Әсіресе бейнебақылау камерасы жоқ өзен-көлдің жағалауы мен сай-салаларға заңсыз күл-қоқыс тасталған. Сала мамандары осындай орындарға «ақылды дрондар» арқылы ұдайы мониторинг жүргізуді ұсынды.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:

- Жалпы жыл басынан бері қала әкімшілігі мен аудан әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен 27 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, залалсыздандырылды. Президенттің тапсырмасы бар цифрландыру қажет деген. Сондықтан оған біздің көзқарасымыз өте жақсы. Себебі, бей-берекет қоқыстарды алдын алуға негіз болатын шығар деп ойлаймыз.

Дрондар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес заңсыз құрылысты дер кезінде тоқтату үшін де қолданыла бастады. Сонымен қатар, жол жөндеу мен әлеуметтік объектілердің жұмысы туралы объективті деректер алуға пайдаланылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, төтенше жағдайлардың қауіп деңгейін бағалап, жедел әрекет етуде таптырмас мүмкіндікке айналған. Ол үшін өңірдің байланыс сапасы күшейтілді.

Мұхит Кемелов, Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:

- Көптеген жаңа базалық станциялар іске қосылды. Одан бөлек 300-ден астам базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала аумағында сапаны жақсарту арқылы цифрландырудың әртүрлі өнімдерін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта басқармалармен осы сияқты дрондарды жалға алу немесе сатып алу мәселесі қаралатын болады.

Пилоттық жоба сәтті сыналса келесі жылы өзге салаларға да енгізіледі. Салаға жауаптылардың айтуынша, «Smart Shymkent» жобасы арқылы жасанды интеллектіні дамытып, жедел, қауіпсіз әрі қатесіз жұмыс жүргізу жоспарланған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов