Астанадан Бурабайға қатынайтын пойыздың жолаушылары пилоттық жоба аясында Starlink интернетіне қосыла алады.
Пилоттық жоба сәтті аяқталса, Илон Масктың интернеті барлық пойызға тарту көзделіп отыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Астана – Бурабай бағыты бойынша жүретін пойызда Starlink қолданылған пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін министрлік оны масштабтау мәселесін қарастырады. Пилоттық жоба №3/4 (Астана – Алматы) және №67/68 (Астана – Өскемен) Talgo пойыздарында жүзеге асырылды. Деректерді беру жылдамдығы – 100 Мбит/с.", – деді Мәдиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, "Жолаушылар тасымалы" АҚ мен "Jusan Mobile" АҚ бірлесіп, пойыздарды OneWeb спутниктік интернет технологиясы арқылы сымсыз интернетпен қамтамасыз етуді сынақтан өткізуді аяқтаған. OneWeb спутниктеріне бейімделген мультимедиялық қызметтер жабдығы қолданылды.
Айта кетейік, Қазақстанда осы жылдың 13 тамызынан бастап Илон Масктың Starlink интернеті ресми түрде іске қосылды.