Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер, юниорлар және қыздар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына екінші қола медаль түсті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қайсар Мысырбек жұлқа көтеруде 98 келі көтеріп, қола медаль жеңіп алды. Ал серпе көтеруде ол 121 келі көтеріп, бесінші орынмен шектелді. Қос сайыстың қорытындысы бойынша Мысырбек төртінші орынға тұрақтады.

Бұл салмақ дәрежесінде абсолют жеңімпаз вьетнамдық спортшы Ван Тэ Хунг болды. Ол Азияның жаңа рекордын орнатып, серпе көтеруде 137 келіні, ал жұлқа көтеруде 105 келіні көтерді. Жалпы нәтиже — 235 келі.

Бүгін жарыс алаңына Қазақстаннан тағы екі спортшы шығады. 53 келіге дейінгі салмақта (А тобы) Нұрсезім Абатқызы медаль үшін таласады. Ал 60 келіге дейінгі салмақта (А тобы) Алишер Тұрғанбай сынға түседі.

Айта кетейік, ауыр атлетикадан жасөспірімдер, юниорлар және қыздар арасындағы Азия чемпионаты Астанада 4-10 шілде аралығында Qazaqstan спорт кешенінде өтіп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget