Астанада World Boxing аясында өтіп жатқан әлем кубогында қазақстандық 7 боксшы финалға жолдама алды. Олардың ішінде 80 келідегі былғары қолғап шебері, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай еш күш жұмсамай алтын медальға таласуға мүмкіндік алды. Оның қарсыласы – түркиялық боксшы жекпе-жектен бас тартқан. Жалпы, күндізгі сессияда шаршы алаңға шыққан барлық отандасымыз ертең шешуші кезеңде бақ сынайды. Олардың қатарында, әйелдерден: 48 келіде Назым Қызайбай, 60 келіде Виктория Графеева мен 70 келідегі Наталья Богданова бар. Ал ерлерден 50 келіде Санжар Тәшкенбай, 85 келіде Бекзад Нұрдәулетов қолғап түйістіреді. Кешкі сессияда тағы 8 отандасымыз рингке көтеріледі. Айта кетейік, ел қоржынында әзірге бір қола медаль бар. Оны 90 келідегі Сағындық Тоғамбай жеңіп алды.
Асылбек Данияр