Семейде «XXI ғасырдың сандық триггерлері» атты форум өтті, деп хабарлайды 24kz.

«Заң және тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – азаматтардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру. Форумға қоғам белсенділері, түрлі сала өкілдері мен жастар қатысты. Жиын кезінде жастарға арналған юморлық қойылымдар мен трейлерлер ұсынылды. Жалпы жыл басынан бері Абай облысында 664 алаяқтық фактісі тіркелген, оның 178-і ауыр қылмысқа жатады.

Орын Тұрлыбаев, Абай облыстық экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары:

- Қазір көбіне белгісіз біреулерден қоңырау келіп жатады.Өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, несие рәсімдеуді ұсынатын жағдайлар жиі кездеседі. Тұрғындар сондай жағдайда алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы маңызды. Біз сол үшін ақпараттандыру жұмысын үздіксіз жүргіземіз.