Келер жылдан бастап еліміздің жасыл энергетика саласына жаңа бағалы қағаздар енгізіледі.
Араб және мұсылман әлемінде кеңінен қолданылатын «сукук» деп аталатын жүйе Қазақстандағы баламалы қуат өндірісіне қосымша инвестиция әкелуі мүмкін. Бұл жайында Абу Дабиде өткен халықаралық консультативтік отырыста айтылды. Онда Қазақстан, Араб әмірліктері және Малайзия сарапшылары қатысып, ұсыныстарын ортаға салды. Кеңестің құрылуына біздің ел бастамашы болғанымен, тәуелсіз негізде жұмыс істейді. Сауд Арабиясы, Бахрейн және Түркиядан да білікті мамандар тартылған. Мақсат – Қазақстан нарығында исламдық қаржыландыру жолдарын жетілдіріп, арнайы талаптар мен стандарттарды енгізу. Алғашқы басқосу шариғат ережелеріне сай шешім қабылдау мәселесіне арналды.
Мәдина Тұқұлова, АХҚО Исламдық қаржы бағытының басшысы:
- Кеңесте Ислам қағидалары негізінде әзірленген шариғаттық басқару ережелері қаралды. Сарапшылар нұсқаулықтарын берді. Жобаны қай бағытта жетілдіру керегін түсіндік. Себебі бұл ережелер еліміздегі исламдық қаржыландыру тетіктеріне негіз болады. Жалпы осы кеңес арқылы өңір үшін өзекті әрі маңызды алаң қалыптастырып, Астананың өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтады деген сенімдеміз.
Лимси Чонг, Исламдық қаржыландыру саласы бойынша кеңесші:
- Бұл – өте маңызды басқосу. Себебі біз қазақстандық әріптестерімізбен бірге исламдық банк секторын қалыптастыруды бастап кеттік. Осы жолда экономикалық көрсеткіштерді саралап, нарық әлеуетін бағамдап алуымыз керек. Заңнамалық тұрғыда барлығын бір ретке келтіріп алуды көздеп отырмыз.