«Наурыз» және « Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары қайта іске қосылды.

Бүгіннен бастап азаматтар «Отбасы банк» сайтында өтініш бере алады. Биыл көктемнің өзінде бағдарламаға қатысуға 34 мыңнан астам адам өтінім беріп, олардың 12 мыңы іріктеуден өтті. Ипотека алуға кімнің үміті бар? Оның басты шарттары қандай?

«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша бастапқы жарна 2 млн теңгеден басталады. Оған «Баспана маркет» жылжымайтын мүлік порталындағы үйлер беріледі. Ипотекалық бағдарламаға қатысушылар болашақ баспанасын сол сайтта бар тізімнен таңдайды. Бағдарлама тұтас Қазақстан бойынша жұмыс істегенімен бірқатар шектеулер бар. Мәселен, облыс орталықтары мен мегаполистерде міндетті түрде жаңа үйлерді алу керек. Ал моноқалалар мен елді-мекен тұрғындары ескі үйлерді, яғни екінші нарықтағы пәтерлерді де таңдай алады.

Назерке Ғалым, «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы:

- Егер сіздің атыңызда соңғы 5 жылда үй болмаса және кәмелет жасқа толмаған балаларыңыздың, жұбайыңыздың атында үй болмаса, «Отбасы банкінде» депозитіңіз болса, сіз «Наурыз» бағдарламасына қатыса аласыз. Ол үшін сіз «Отбасы банкінің» сайтына кіріп, ЭЦП арқылы өтінім бере аласыз. Барлығы онлайн. Ешқайда барып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Шотыңызда міндетті түрде кем дегенде 2 млн теңге қаражат болу керек.

Үміткерлерді ұпай бойынша іріктейді. Мысалы, депозиттің жылына байланысты балл қосылады. Үміткерлердің жасы 35 жасқа дейін болса немесе бала болса да қосымша ұпай беріледі. Іріктеу қорытындысы 3 күн ішінде «Отбасы банкінің» сайтында жарияланады. Ал жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысушылар конкурссыз өтеді. Оның өз талаптары бар.

Назерке Ғалым, «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы:

- Бұл жерде конкурс жоқ. Бағдарлама бойынша біздің бөлімшелерімізге барып, егер сіз жұмысшы мамандықтарына жатсаңыз, өзіңіздің жұмыс орнынан анықтама әкеліп, өтінім беруге болады. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының шарттары да «Наурыз» бағдарламасымен тұспа тұс келеді. Екі бағдарламаның да пайыздық мөлшерлемесі 7%-дан 9%-ға дейін. Егер сіз әлеуметтік осал топ ретінде кезекте тұрсаңыз, онда бағдарлама бойынша 7%-бен баспаналы боласыз. Егер кезекте тұрмасаңыз, стандартты түрде қаражат жинап жүрген біздің клиент болсаңыз, онда 9%-бен үй аласыз.

Жалпы бағдарламалардың талаптары ұқсас. Басты шарт өзінің, жұбайы немесе жолдасы мен кәмелетке толмаған балаларының атында үй болмау керек. Талаптарға сай келмейтіндерді жүйе автоматты түрде өткізбейді. Бұдан бөлек, банк өтініш берушінің төлем қабілетін тексереді. Конкурстан өткен азаматтарға үйді таңдап, несие рәсімдеуге 6 ай уақыт беріледі. Жалпы бағдарлама 7 жылға шақталған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев