380 пәтерлік тұрғын үй кешенінің аумағы 24 мың шаршы метрді құрайды.
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен сол жағалауда жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үй кешені иелеріне табысталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шараға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, Ассамблея өкілдері, "Акса Энерджи Қызылорда" компаниясының қызметкерлері қатысты.
Рәсімде аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен және қоныстоймен құттықтап, тұрғын үй құрылысы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жоғары санаттағы заманауи пәтерлер жаңа жылу-электр орталығын салған түрік инвесторы "Акса энерджи Қызылорда" компаниясының қызметкерлеріне берілді.
![]()
"Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай. Алдағы уақытта да компания ұжымы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған серпінді жобаларды жүзеге асыра береді деп сенеміз. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Қоныстарыңыз құтты болсын!", – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақта соңғы төрт жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер табысталды. 2023 жылдан бері барлық ауданда шамамен 1800 жаңа пәтер пайдалануға берілді.
Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2400 пәтер беру үшін бюджеттен 55 млрд 600 млн теңге бөлінді.