Балаларға цифрлық қауіпсіздік ережесін түсіндіру маңызды.
Кейінгі кезде интернеттегі алаяқтар кәмелетке толмағандарды да алдауды жиілетті. Олар танымал ойындардағы виртуалды тауарларды сату үшін жалған сайттар жасайды. Сосын карта деректерін немесе аккаунттың құпия сөзін енгізген баланы құрыққа түсіреді. Сол себепті мамандар үлкен-кішіге күмәнді сілтемелерге өтпеуді, виртуалды тауарларды тек ресми қосымшалардан алуды, әлеуметтік желілердегі боттар арқылы төлем жасамауды, жеке деректі жарияламауды үйрету қажет дейді. Алаяқтар балаларға пікір жазғаны үшін ақша ұсынуы да мүмкін. "Бұл олардың құйтырқы әрекеті. Сондықтан балаңызға жеңіл ақша болмайтынын түсіндіру қажет", — дейді тәртіп сақшылары.
Балалардың ерте жастан смартфон қолдануы бүгінде қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ құрылғылардың қолжетімділігімен бірге түрлі қауіп-қатер де қатар жүреді. Сарапшылар әлеуметтік желінің жасөспірімдердің психикалық денсаулығына кері әсерін жиі айтады. Дегенмен технологиялық компаниялар да жаңа әзірлемелерді ұсынып жатыр. Жалпы бұл мәселе бүгінде қоғамды алаңдатып отыр.