Қарағандыда соңғы жылдардағы ең шулы істердің бірі бойынша сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Tengrinews.kz мәліметінше, сот төрт айыпталушыны мүгедектігі бар ер адам мен оның серіктесін бірнеше жыл бойы қанағаны, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оған қатысқаны үшін кінәлі деп таныды.

Қалай басталды?

Соттың анықтауынша, оқиға 2015 жылдың қаңтар айында басталған. Қылмыстық істің басты фигуранты ЦУМ маңында қол-аяғынан айырылған Николайды және оны ертіп жүрген әйелді көріп, күш қолданып, екеуін өзіне жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Николай қайыр тілеп, ал әйел оны күн сайын "45-ші квартал" аялдамасына апарып отырған. Жиналған ақшаның бәрі "қожайынға" тапсырылып отырған – кейде күніне 40 мың теңгеге дейін.

Бала арқылы бопсалау

Кейін "қожайын" Николай мен оның серіктесіне Ақтас ауылынан баспана бергенімен, бақылауды тоқтатпаған. 2020 жылы жұптың қызы дүниеге келген соң, нәрестені тартып алып, өз әпкесіне тәрбиелеуге берген. Ата-анасына тек оның рұқсатымен ғана баланы көруге рұқсат етілген. Ол туылғаны туралы куәлікті алып қойып, егер ата-анасы бағынбаса, ата-ана құқығынан айыратынын айтып қорқытқан.

Тергеу изоляторынан да қылмысын жалғастырған

2023 жылдың желтоқсанында басқа іс бойынша ұсталып, тергеу изоляторына қамалған соң да "қожайын" қылмыстық схеманы басқаруды жалғастырған. Телефон арқылы ол жаңа топ құрып, оған жиені, оның азаматтық күйеуі және жақын танысы кірген. Олар күн сайын Николайдың қайыр тілеуін, ал әйелдің оны "жұмыс орнына" апаруын қадағалап отырған. Жиналған қаржы қылмыстық топ мүшелерінің қажетіне жұмсалған.

Үкім

Істі Қарағанды облыстық СМУС судьясы Галина Жилина қарады. Барлық төрт айыпталушы кінәлі деп танылды.

Істің басты фигуранты 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған үшеуіне 12 жылдан жаза тағайындалды. Үшеуінің кішкентай балалары болғаны – жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді. Ал басты күдіктінің бұрын сотталғаны – ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды.

Жәбірленушілерге өтемақы

Жәбірленушілердің моральдық шығын өндіру туралы талаптары жартылай қанағаттандырылды. Сотталғандардан 8 миллион теңге өндірілетін болды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget