Білім сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту. Осы мәселелер Шымкентте өткен тамыз кеңесінде талқыланды. Екі мыңнан астам педагог бас қосқан жиында жаңа оқу жылындағы басты бағыттар айқындалды.
Шымкенттегі 1 352 білім беру ұйымында 397 мыңнан астам бала оқиды. 28 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазір алты білім ошағы салынып жатыр. Жыл соңына дейін 2 мектеп пен қосымша бір корпус пайдалануға беріледі.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
«Адал азамат» бағыты іске қосылады. Бұған дейін біз негізінен академиялық білімге басымдық беріп, тәрбие жағы кейінірек қалып қойған еді. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, бұл бағыттағы жұмысты жандандырамыз.
Кеңесте де ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыру басты назарда болды Педагогтердің біліктілік деңгейін 75 пайызға жеткізу қажет. Осы үдеден шыққан үздіктер көпке үлгі. Солардың бір тобы «Парасат» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарына ие болды.
Ұлған Мамешова, ұстаз:
Ата-ананың да жауапкершілігі артып отыр. Өйткені соңғы уақытта олар баланың тәрбиесін көбіне мектепке ысырып қойған болатын. Бұл өзгеріске өте қуаныштымын. Ол бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Жалпы, білім беру саласы әрдайым ізденісті талап етеді.
Кеңесте жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы жоспарлар да таныстырылды. Колледждерде дуалды білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды кәсіби бағдарлау және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау бағытында нақты міндеттер қойылды.
Азамат Бейбітұлы