Церебралды сал ауруына қарамастан, Мансур-Сойор Досанов әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының біріне қабылданды.
Алматылық Мансур-Сойор Досанов University of California, Berkeley университетінің математика және физика бағытына оқуға қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АҚШ университеттеріне түсуге дайындықты ол 2023 жылы бастаған. SAT халықаралық емтиханында 1600 мүмкін балдың 1530-ын жинаған талапкер, сондай-ақ IELTS емтиханынан 8.5 балл алған.
Мансур өмірінің алғашқы күндерінен бастап церебралды сал ауруы диагнозымен өмір сүріп келеді. Соған қарамастан, ол білім алып, өзін дамыту жолында жүйелі еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Оның жетістігінде отбасының қолдауы ерекше рөл атқарған. Ата-анасы ұлының білім алып, дамуына барлық жағдай жасаған.
Мансур жүзумен айналысады, аспаздыққа қызығады және саксофонда ойнайды. Музыкалық аспапты меңгеру мен халықаралық емтихандарға дайындық одан үлкен табандылықты талап еткен.
University of California, Berkeley — әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Оқу орны математика, физика, инженерия және компьютерлік ғылымдар саласындағы мықты ғылыми мектептерімен танымал.