Бұл ретте Қазақстан электр энергиясын Қырғызстанға экспорттап отыр.
Қазақстанның Ресей электр энергиясының импортына тәуелділігі азайып келеді. Бұл туралы журналистердің сауалына жауап берген Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министрдің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан 123,1 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндірген, ал тұтыну көлемі 124,6 млрд киловатт-сағат болған.
"Айырмашылық – 1,5 млрд киловатт-сағат. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,1 млрд киловатт-сағат болған. Көрсеткіш азайып келеді", – деді Сұңғат Есімханов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Спикердің сөзінше, биыл өндірілген және тұтынылған электр энергиясы арасындағы айырмашылық одан әрі төмендемек.
"Бұл шамамен 1 млрд киловатт-сағат деңгейінде болады. Айта кететіні, біз сатып ала отырып, оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін электр энергиясын Қырғызстанға да экспорттаймыз. Біз 2027 жылы бұл айырмашылықты толық жоюды жоспарлап отырмыз", – деді вице-министр.