Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласын жаңа, білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет қойғаны мәлім. Гранттар санының артуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Бір жыл бұрын жоғары оқу орындарында су шаруашылығы мамандықтарына 618 грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде барлығы 1052 грант бөлініп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Су мамандарының даярлайтын ЖОО саны да артып келеді. Жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр.
Былтыр өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 82 болса, биыл бұл көрсеткіш 339-ға жеткен, яғни, төрт есе артқан.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Лаззат Жүсіпованың айтуынша, сала министрлігі су шаруашылығы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру бойынша бірқатар шараны әзірлеп, іске асырып жатыр. Олардың қатарында еңбекақыны көтеру мәселесі де бар.