Теолог Нұрлан Байжігітұлы өзбек халқының арабтар ұстай алмаған жәдігерге ие болып отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Дана Нұржігітке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Имам сұхбат барысында өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Дін деген қазақтың сорына болған нәрсе. Қазақ түркі заманда ұлы империя еді. Бәрін дін құртты. Мен көне тарихтың бәрін оқып шықтым. Сондағы көшпелілердің негізі құрығаны дін» деген пікіріне жауап берді.

«Ол кісінің жеке пікірі. Егер олай айтатын болса, Абайды сызып тастауымыз керек. Қазақ сөз өнеріне үлес қосқан ұлытаулық бабамыз Балмағамбет Балқыбайұлының қазақшылығы, қазақты сақтап қалуында ислам дінінің үлесі ерекше болған. Өзбек халқы қазаққа қарағанда өте діндар. Өзбек халқы жоғалып кетті ме? Жоқ, жоғалған жоқ. Нығайған үстіне нығайып жатыр. Құранның түпнұсқасы Ташкентте тұр. Арабтар ұстай алмаған құнды жәдігерді солар ұстап қалды. Біздің ұстаздарымыздың дерлігі Ташкентте, Бұхарада оқып шыққан. Қазақтың кемелденуіне нағыз ислам діні үлес қосты. Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың «Дін ұстай қасиет, дұрыс ұстай алмасаң қасірет» деген сөзі бар. Шын мәнінде қасірет болып жатқаны дұрыс түсінбегендігі. Діннің қасіреттігі емес, адамдардың шолақ болғаны. Дін бізді бұзған жоқ қой. Қазақшылықты ұстап жүргендер діндар, имам, молдалар. Қазақша шапан мен тақия киіп жүргендер де ислам дінінің өкілдері. Арабша киінген имамдар көрдіңіз бе? Елімізде экстремисстік ұйым деп танылған «Таблиғи жамағат» деген ұйым болған. Солардың ұзын дамбал көйлектерін шештіріп, ұлттық киімдер кигізіп жатырмыз. Сондықтан дұрыс түсіну керек. Түркияда Мұстафа Кемал Ататүріктің кезінде азанды түрікше айту керек деп, түрікше айтқандар болған. Қазір бізде де құлшылық қазақша болу керек деп, қазақша оқып жүргендер. Бұл — ұлтқа, дүниеден өткен бабаларымызға деген қиянат. Біздің ата-бабамыз ислам дінін көптеген діннің ішінен шертіп тұрып таңдап кірген. Бізді ешкім зорламаған, қинамаған. Біздің бабаларымыз ислам дінін өз еркімен, ыхтиярымен таңдап алған. Алланың рақымы түскен елміз», — дейді ол.