Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) хабарлағандай, Ким Чен Ын әскери-теңіз ведомствосының нысанына арнайы барып, ядролық қондырғымен жабдықталған стратегиялық сүңгуір қайықты тексерді. Басшыға кеме жасау саласы мен қорғаныс ғылымының жетекшілері жұмыстың ағымдағы кезеңі туралы есеп берген.
Бұл суасты кемесі басқарылатын зымырандарды ұшыруға арналған. Ким Чен Ынның айтуынша, мұндай қуатты шабуылдаушы құрылғыны жасау – елдің дербес қорғаныс саясатын жүзеге асырудың кепілі және қауіпсіздікті қорғаудың негізгі тәсілі. Пхеньян билігі бұл жобаның аяқталуы елдің әскери-теңіз күштері үшін «бетбұрыс кезеңі» болады деп сендіріп отыр.
Сонымен қатар Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның АҚШ-тың қолдауымен атомдық сүңгуір қайық жасау жоспарын қатаң сынға алды. Ол мұны ҚХДР-дың теңіздегі егемендігіне төнген қауіп деп атап, Пхеньянды флотты модернизациялауды жеделдетуге мәжбүрлейтінін айтты.
Қазіргі уақытта Солтүстік Кореяда бұдан бөлек соққы беруші эсминецтер мен жаңа суасты қаруларының құрылысы жүріп жатыр.