Бүгін UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған алматылық «Қайраттың» қарсыластары белгілі болады. Қазақстан уақытымен, кешкі сағат тоғызда жеребе тарту рәсімі өтеді. Монакода өтетін футбол тарихындағы маңызды шараны «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Төрт себетке бөлінген 36 команданың қарсыластары автоматтандырылған жүйе арқылы анықталады. Бір федерацияның командалары бір-бірімен кездеспейді.
Алматылық клуб биылғы маусымда іріктеу кезеңін сәтті өткізіп, қазақ футболының жаңа тарихын жазды. Атап айтқанда, словениялық «Олимпияны», финляндиялық «КуПС-ты», словакиялық «Слованды» жеңіп, сенсация жасады. Ал плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтикты» қапы қалдырды.
Енді «Қайраттың» болжамды қарсыластары туралы айтсақ. Клубтар рейтингінде көш бастап екі команда міндетті түрде қазақстандық клубқа қарсы ойнайды. Олардың арасында «ПСЖ», «Реал», «Манчестер Сити», «Бавария», «Ливерпуль», «Интер», «Челси», «Боруссия», «Барселона» сынды атағы жер жарып тұрған командалар бар. Ойын кестесі 30 тамызға дейін жарияланады.
Асылбек Данияр