Жаңа оқу жылында Батыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш жаңа білім ордасы ашылады. Солардың бірі — Зачаган кентіндегі №53 мектеп. Халық тығыз орналасқан шағын ауданда үш қабатты 600 орындық жаңа білім ошағы салынып жатыр. Жоба құны — 4,6 млрд теңге. Құрылыстың 85 пайызы орындалған. Шаһарда бұдан бөлек екі мектеп қолданысқа берілді.

Ақжол Пионеров, Орал қалалық Білім беру бөлімінің заңгері:

Осы аудандағы үш ауысымдықты жою мақсатында салынып жатыр. Яғни №38 мектеп-лицейінде үш ауысымда 2700 бала білім алады. Соның 1200 баласын осы мектепке көшіру мақсаты қойылды. Қазір ұйымдастыру жұмысы мен құқықтық құжаттары дайындалуда.

Ал Бәйтерек ауданында екі білім ордасы салынып жатыр. Мектептегі құрал-жабдықтардың басым бөлігі — отандық өнімдер. Жалпы аймақта ұлттық жоба аясында 9 нысан тапсыру көзделген. Оның үшеуі ел игілігіне берілді. Үшеуі жаңа оқу жылында шәкірттерді қабылдайды. Тағы үшеуінің құрылысы жыл соңында аяқталады. Ашылған және құрылысы жүріп жатқан мектептер 8100 орынға лайықталған.

Оралбай Жангереев, мердігер компания басшысы:

Бүгінгі күндері мектептің абаттандыру жұмысы, ішкі әрлеу, әктеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы мектепте қазір құрылысқа 250 адам жұмылдырылып отыр. Бұл жерде сыртқы, ішкі жұмыстар бар.

Ардақ Мұратқызы