Педагогтер оқу процесі кезінде ғана оқушылар үшін жауапты болады.
Мәжіліс "Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы" заң жобасын, сондай-ақ оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізгі заң жобасында педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігін тек оқу процесі кезінде ғана белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтіледі.
Есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай ережелері белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа тарту шаралары қарастырылған.
"Жазда, кешкі уақытта немесе демалыс күндері құқық бұзушылық жасаған немесе келеңсіз оқиғаларға тап болған. Ол кезде жандарында мұғалімдер болған жоқ. Олар демалыста, үйлерінде болды. Өйткені бұл каникул уақыты, кешкі уақыт және бұл жұмыс уақытынан тыс болған еді. Бірақ соған қарамастан мектеп директорлары мен мұғалімдері жазаланды. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды. Әрине, бұл – әділетсіздік. Біз енді заңға нақты норма енгіземіз. Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болуы керек. Жазғы демалыс – ата-ананың жауапкершілігі, түнгі уақыт ол да ата-ананың жауапкершілі, демалыс күндері де ата-ананың жауапкершілігі", – деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс.
"Сондықтан біз тайға таңба басқандай нақты норманы енгіздік. Енді мұғалімдер еңбек демалысы уақытында, түнде, демалыстарда оқушылармен болған жағдайларға жауап бермейді. Өйткені ол ата-ананың жауапкершілігі. Бұл көптен бері біздің әріптестеріміз көтерген мәселе еді", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.