Тұнып тұрған тарихы, шалқып жатқан шежіресі бар адамзаттың ардақты перзенті, ақыл-ойдың көмбесі, қазақ халқының кемеңгер тұлғасы – Абай Құнанбайұлының дүние есігін ашқаны да той болуға тіис. Оған арналған әр онжылдықтағы өткен дүбірлі тойды көргеннің көңілінде, көрмегеннің арманында. Бұл той – елді бірлікке бастаған береке, руханият мерекесі.

Абайға арналған цифрлық жобасы ашылды

Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінен басталды. Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.Т

Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай, облыстың өзге де аудандарында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралардың жоспарланып отырғанына тоқталды.

«Атап өту керек, аталған онкүндіктің өтуіне қаржыны түгелдей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр», деді облыс әкімі.

Энциклопедиялық порталдың Абай мұрасын заманауи форматта жеткізу тұрғысында маңызды екенін жеткізді.Р

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ең бастысы бұл портал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан кейін де өз жұмысын тоқтатпай, жұмысын жалғастыра береді», – деді аймақ басшысы.

«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды. Оның айтуынша, «Abai akademiyasy» порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.

ЛАйтулы іс-шарада абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы-ғалым, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.

«Бүгін ашылып отырған «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы – ғылыми, мәдени, ақпараттық ортадағы бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Бұл – үлкен жаңалық. Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопедия», деді Арап Еспенбетов.

Бір сөзбен айтқанда, энциклопедиялық портал халықтың Абай мұрасына ден қойып, қараңғы түнде адастырмас темірқазық ретінде тануына көмегін тигізе бермек. Келешекте цифрлық жобаның мүмкіндіктері жетіле түседі, жасанды интеллектке негізделген виртуалды көмекші – Абай чат-боты да қолданушылардың игілігіне жұмыс істемек. Ол әрбір қойған сұраққа Абай жауап қатқандай әсер беретін болады.

Ұлттық ауыл есігін айқара ашты

Семейдегі Түйемойнақ аралында Абай тойының мәні мен сәніне айналған этноауылдың келушілерге ресми түрде есігі ашылды. Халықтың ұлттық мұрасы мен бай мәдениетін насихаттайтын ауыл алдағы он күні бойы тойшы қауым мен туристерге жұмыс істейді. Бір айтарлығы, Абайдың 180 жылдығына дүбірлі той бағдарламадағы іс-шараның дені осы, осы аралында өтеді. Этноауыл аумағында оннан аса киіз үй тігілген, жастардың көңіл көтеруіне үш алтыбақан орнатылған. Қала жұрты мен қонақтары ауылға түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі көрмеге көзайым боп, концерттік кештерді тамашалай алады.

Кеше онда «Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің облыстық фестивалі басталды. Фестивальде өңірдің үздік шеберлері жасаған бұйымдарын көптің назарына ұсынды. Ұлттық мұраны насихаттауға, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған іс-шара биыл үшінші мәрте өтіп отыр. Фестиваль қорытындысында «Аламан құрақ-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталады. Облыс басшысы Берік Уәли де этноауыл ашылуына арнайы қатысып, көрмені тамашалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, этноауыл аумағында 1-10 тамызда қазақ күресі, каратэ-до кекушинкай, таэквондо, садақ ату, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, турникке тартылу, гір көтеру, асық ату сынды ұлттық және заманауи спорт түрінен қалалық ашық чемпионаттар өтеді. Ұлттық ауылдағы тарих пен болашақты жалғайтын рухани мерекеге сіз де асығыңыз.

Арбатта арт мереке боп жатыр

Семейдің Арбат алаңында да мерекелік іс-шаралар басталды. Соны бірі – танымал иллюстратор, суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» көрмесі. Ұлы ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеде өмір, руханият, ішкі әлем, қоғам туралы өнер туындылары философиялық толғаныс пен заманауи образдар арқылы жұрт назарына ұсынылған. Экспозиция қала тұрғындары мен қонақтарына эстетикалық әсер сыйлап, той көркіне көрік қосты.

Аңсаған Мұстафа – әйел құқығы, рухани құндылықтар, отбасылық қарым-қатынас және ішкі әлем тақырыбын қозғайтын туындыларымен танымал. Суретшінің жұмыстары бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, отандық БАҚ-та кеңінен талқыланып келеді.

Бұдан соң «Аспан Синема» жобасы аясында Абай туралы фильмдердің көрсетілімі жүріліп, кешке «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концертке ұласты.

Абай тойындағы алғашқы күннің келбеті осылай басталды. Абай тойы жай ғана той емес, рухани жаңару жолында кемеліне келген той болмағы анық.

Абай облысы