Ташкент облысына қарасты Шыршық қаласында Абай күні атап өтілді. Қазақ жастары ойшылдың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Ғалымдар Абай шығармаларына талдау жасап, өнегесі ұлықталды. Жалпы Шыршық қаласында 25 мыңға жуық қаракөз бар. Қазақ тілінде 5 мектеп жұмыс істейді.
Шыршық қаласындағы педогогикалық университеттің қазақ бөлімінде оқитын студенттер Абайдың қара сөздерін бірнеше тілде жатқа айтты. Ойшылдың ғибратқа толы әр шығармасы, адамзат үшін құнды. Ал жастарға бағыт бағдар сілтейді. Сол үшін жырақтағы қаракөздер Абайды көп оқуға, Абайды тануға тырысады.
Айнұр Абибуллаева, Шыршық педагогикалық университетінің студенті:
- Абайдың 31- қара сөзі. Естіген нәрсені ұмытпастыққа 4 түрлі себеп бар. Ғибарт алу, оны көңіліңе бекіту керек. Абайдың 45 қара сөзінің балалар үшін маңызы зор.
Абай күніне арналған іс-шараға Өзбекстандағы мәдени орталықтардың басшылары, жергілікті билік өкілдері мен ойшылдың шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар, жергілікті қазақтар келді.
Жақсылық Жорықпаев, Шыршық қалалық Қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Абай тек қазаққа емес, түркі жұртына, адамзатқа ортақ тұлға. Өзбек халқына өте танымды. Абай жолын өзбектер де қызығып оқиды. Әлішер Новаи атамызды Абай атамыз ұстазым деген. Новаидың өлеңдерін аударып, Абай атамыз өзбек халқының арасында үлкен абыройға ие болған.
Шыршық қаласындағы мәдени орталықтың бастамасымен қазақтың өнерлі жастарына үнемі қолдау көрсетіледі. Домбыра, ән мен күй үйірмелері жұмыс істейді. Мұның барлығы жырақтағы қаракөздердің тамырдан ажырамай, ұлттық болмысты сақтауына үлкен көмек.