Биылғы жаз Алматыда ерекше ыстық болып тұр. Синоптиктер мұны Иран мен Ауғанстаннан келіп жатқан ыстықпен байланыстырып отыр. Ұлттық госпитальдің жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсейіт Медеубеков азаматтарға маңызды кеңес берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның сөзінше, қарт кісілер, созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер мен балалар қауіп тобына жатады, оларға ерекше назар аудару керек.

"Күн өту, жүрек-қан тамырлары аурулары, қан қысымы өзгеруі, әлсіздік туралы шағыммен азаматтар жиі жүгінеді. Күн қатты ысығанда үйде болған жөн, бас киім киюді, мойынға дымқыл орамал тағуды ұсынамын, себебі дәл осы жерлер арқылы жылу алмасу жылдам жүреді. Су алып жүріңіз, көп су ішіңіз. Суға бір шымшым ас тұзын салыңыз немесе минералды су ішіңіз. Ыстық түнде жақсы ұйықтау, денені салқындату үшін дымқыл ақжайма жамылып, мысырлық әдісті қолдануға болады. Тез сіңетін, жеңіл тағамдар ішіңіз, мәселен жаңа піскен жемістер мен көкөністер, жарма, ашытылған сүт өнімдерін тұтыныңыз", — деді маман.

Дәрігердің айтуынша, ыстықта ашық түсті болса да, жабысып тұратын киім киюге болмайды, себебі мұндай кезде тер табиғи жолмен буланбайды.

"Ыстықта мұздай душқа түсу қан тамырларын тарылтады, соның салдарынан дене құрысуы мүмкін. Салқындап алу үшін салқын сумен шайынған жөн, бірақ сүлгімен сүртінбеген дұрыс. Кондиционерден салқын тиюі мүмкін, абай болу керек", — деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget