Ұлының еміне халықтан ақша жинап, оны құмар ойынға құртып жүрген Тотақановтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыпты қайырымдылық желеуімен жұрттан жинаған миллиард 300 млн теңгені өз қажетіне жұмсаған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Олар 2020 жылдан бастап кәмелетке толмаған баланың сырқатына байланысты әлеуметтік желіде әсерлі жазбалар жариялап жүрген. Ал қайырымдылыққа түскен қаржыны ерлі-зайыпты өзіне және 2021 жылы дүниеден озған әжесінің шотына аудартып отырған. 4 жыл ішінде Әлтайырдың еміне 350-мыңнан аса адам 1,3 млрд теңге аударған.

Алайда ата-ана жиналған ақшаның тек 6 миллион теңгесін ғана баласының еміне пайдаланған көрінеді. Қалғанын қымбат көлік пен баспана алуға, онымен қоса шетелге қыдырып,тіпті құмар ойынға тіккен. Дәулет пен Толқын Тотақановтардың ісі сотқа жолданды – олар алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру баптары бойынша айыпталып жатыр.

2020 жылдан 2024 жылға дейін Тотақановтар жұбы Instagram-дағы (@altair_tota) аккаунт арқылы баласының ауруы туралы жалған ақпарат пен эмоционал үндеулер жасап, қайырымдылыққа ақша жинаған.

"Алайда жиналған қаражаттың (1,3 млрд теңгеден астам) көп бөлігі жеке мақсаттарға – құмар ойындар, бренд киімдер, саяхаттар және т.б. жұмсалған. Оларға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылды", — деді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданарық соты өкілдері.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget