Құмар ойындар индустриясын бір жүйеге келтіру керек.

Атап айтқанда, оны толықтай мемлекеттік бақылауға алып, букмекерлік кеңселердің жарнамасына шектеу қою қажет. Алматылық қоғам белсенділері осылай деп дабыл қағып отыр. Мән-жайды тілші тарқатады

Қазақстанда мемлекет пен халықаралық букмекерлік компаниялар арасында жасырын текетірес өршіп барады. Олардың есепшоттары Кипр, Мальта, Кюрасао сияқты елдердің офшорлық аймағында орналасқан. Яғни өздерін ғана байытып отыр. Одан халыққа келіп жатқан пайда жоқ. Керісінше, жұртшылық әсіресе жастар оңай олжа табамыз деп, бәс тігіп құмар ойынның жетегінде кетіп жатыр. Қоғам белсендісі Жарқын Күреңтаев осылай дейді. Оның айтуынша, жанжал Бірыңғай есепке алу жүйесін енгізгеннен кейін шыққан. Бұл цифрлық платформа ойын индустриясында ашықтықты қамтамасыз етуге, бәс тігу айналымын бақылауға және ішінара кейбір азаматтарды шектеуге бағытталған.

Жарқын Күреңтаев, қоғам белсендісі:

- Қазіргі уақытта бізде 13 букмекерлік компания бар. Өткен жылы 15 тамызда Бірыңғай есепке алу жүйесі операторы пилоттық жобаны енгізгенде, бір күннің ішінде 800 астыртын казино мен түрлі ойын бизнесіне қатысты компаниялар анықталды.

Бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы алынған ресми мәліметтерге сәйкес, букмекерлік кеңселер бойынша құмар ойын нарығы 1,3 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Тіпті кейбір сарапшылар мұны 3,5 трлн деп отыр. Букмекерлік компанияларға Бірыңғай есепке алу жүйесі тиімсіз. Себебі онда бәрі ашық. Сондықтан, мемлекеттің бақылау орнатуға ұмтылған әрекеті сырттан ұйымдасқан қарсылыққа тап болды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен анонимді ресурстар арқылы реформаның мәнін бұрмалайтын, қоғамдық пікірге теріс әсер ететін материалдар тараған.

Әлнұр Ильяшев, заңгер:

- Біз үнемі Ұлттық қордан ақша алуға ұмтыламыз. Бұлай кете беретін болса болашақ ұрпаққа не қалады? Бұл дұрыс шешім емес. Ал құмар ойындар бизнесінде қаншама ақша есепке алынбай жатыр.

Мәселені шешу үшін қоғам белсенділері «букмекерлік кеңселерді жарнамалауды доғару қажет»,-деп отыр. Сондай-ақ Жарқын Күреңтаев «Бірыңғай есеп жүйесінің операторы еліміздің бүкіл ойын нарығын бақылауға алуы керек» дейді. Бұған қоса Үкімет Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің ұсынысын қарауы қажет, деп санайды. Айта кетейік, ол букмекерлік компаниялардың айналымынан қосымша 3 процент мақсатты аударым енгізу бастамасын көтерген болатын. Бұл қаражат әлеуметтік саланы дамытуға бағытталады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев