Әскери борышын өтеу кезінде басынан ауыр жарақат алған мерзімді сарбаз Ербаян Мұхтар Түркияда емнің бір кезеңін аяқтап, Астанаға аман-есен оралды, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Бұл туралы заңгер Инга Иманбай мәлімдеді.
"Қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде 3 ай уақыт қажет екенін айтты. Сол себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Ыстамбұлға барып, емнің реабилитациялық бөлігін жалғастырады. Ербаянның ата-анасы және заңды өкілі ретінде барлық қолдау білдірген жандарға алғыс айтамыз", — деді ол.
Инга Иманбай бұл жолы да көмек қолын аямағандарға алғыс айтты.
"Халықтың қолдауының, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, ұшу мәселесін шешуге көмектескен генерал Қайрат Үмбетовтың арқасында шетелдік емге мүмкіндік туды. Екі рет шетелде ем алу — үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Алайда жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр. Бұл — дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда сіздердің қолдауларыңыз күш беріп келеді", — деді ол.
Ербаян Мұхтар туралы не белгілі?
Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылы желтоқсанда түскен еді. Себебі Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз жантүршігерлік жағдайға жеткен.
Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр ми жарақатын алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұхбат та берді.
Ербаянға бес рет ота жасалды. Кейінірек ол Түркияға емделуге кетті. Биыл қаңтарда Ербаян Астанаға оралды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз