Бұған дейін базарларда сібір жарасына шалдыққан малдың еті сатылып жатыр деген ақпарат тараған еді. Ауыл шаруашылығы министрі оны жоққа шығарды. Сондай-ақ Айдарбек Сапаров енді құжаты жоқ мал өнімдерін саудалағандарды қылмыстық жауаркершілікке тарту көзделіп отыр деді. Бүгін Үкімет отырысы өтіп, төрт-түліктің жай-күйін анықтайтын смарт жүйе іске қосалытыны айтылды.
Төрт-түлік арасында сібір жарасы ауруы тарағанын Ауыл шаруашылығы министрі растады. Бірақ, дер кезінде сырқаттың жолын кестік дейді. Яғни, індет жұқтырған малдың еті базар сөрелеріне шығып үлгермеген.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жолда олардың барлығы ұсталды. Еттер бәрі қайтарылды. Жалпы халықты аурудан сақтандыру жағынан бүкіл осындағы мал базарлардан, ет сататын базарлардан сынамалары алынып, барлығын зертханаға өткіздік. Есік тұтқаларына дейін жуып, сынамаларын алдық. Бүгінгі күнде ауру белгілері табылмады.
Осы жағдайдан кейін құжаты жоқ малдың еті мен сүтін сатуға тыйым салынбақ. Жаңа туған бұзауды 7 күн ішінде иесі арнайы базаға тіркеп, сырғасын тағуға міндеттеледі. Ережеге бағынбағандарға жаза қарастырылған.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Малына сырға тақпағаны үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Қазірден бастап айыппұл қатаңдатылады, тіпті екі есеге өсіреміз. Жауапқа тартамыз. Жалғыз оларды ғана емес соларды бақылауда ұстамаған ветеринарларды да жауапқа тартамыз.
Базарларда мал етін ешқандай қағаз құжатсыз сататын делдалдар да қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Бұл мәселені заңға енгізуді көзделіп отыр. Премьер-министр де тиісті министрліктердің басшыларына 1 қарашаға дейін елдегі түгел төрт түліктің дерекқорын тексеруді тапсырды. Ол үшін ветеринариялық бақылау саласы толықтай цифрландырылуы қажет. Сондай-ақ мал өнімдеріне қатысты барлық процесті сандық жүйеге көшіру міндеттеді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Агроөнеркəсіптік кешен саласында цифрлық технологияны енгізудің бір мысалы отандық смарт-трекер жəне малдың жай-күйін мониторингтеу жүйесі. Шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға малдың жағдайын онлайн бақылауға жəне оларды түрлі аурудан сақтауға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Яғни, енді малдың жай-күйін онлайн бақылауға мүмкіндік беретін смарт жоба іске қосылады. Жүйенің көмегімен төрт-түліктің қоректену белсенділігін, жалпы физикалық жағдайын, дене температурасы мен семіруін немес арықтауын анықтап, қадағалап отыруға болады.
Енді сырттан келетін мал шаруашылығы өнімдері де қатаң бақыланады. Оған қоса барлық өңірде сапалы ветеринариялық инфрақұрылым болуы тиіс. Бұл малдың санын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет шара.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттыруды тапсырды. Осы орайда жыл сайын саланы субсидиялау мен несиелеу жүргізілуде. Биыл бюджеттен шамамен 160 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бізге мал басының және мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Саланың тұрақты жұмысы еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де тікелей байланысты.
Үкімет отырысында айтылған тағы бір жаңашылдық енді еліміз шет мемлекеттерден сүт өнімдерін импорттауды тоқтатуы мүмкін. Өйткені 116 заманауи сүт фермасы іске қосылғалы жатыр. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін күшейте түсері сөзсіз, дейді тиісті министрлік өкілдері.
Нұрсұлтан Тілектес