ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырғандарға қатысты тергеу жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы кәсіби білімін пайдаланып, электрон цифрлық қолтаңбалары бар кәсіпкерлерге қызмет көрсететін бухгалтер туысын осы іске тартқан.

"Бухгалтер осы ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынасы заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған. Сонымен қатар, олар бірнеше таныс адамды да тартқан, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және бұл схема заңды екеніне сендіру кірген. Осы жалған деректер негізінде уәкілетті органдар жәрдемақы тағайындаған. Ал кейін қаражат схемаға қатысушылар арасында бөлінген", — деп жазылған хабарламада.

Мемлекетке келген шығын

Осылайша 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден аса жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін жәрдемақы төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты.

Сот санкциясымен күдіктілердің 3 көлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget