2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтері «БЖЗҚ» АҚ-ға (БЖЗҚ, Қор) шоғырландырылған 2014 жылдан бергі жинақталған таза инвестициялық кіріс 13,60 трлн теңгеге тең. Зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі жүзеге асырылған төлемдерді қоса алғанда 42,3% жетті. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда инвестициялық қызметтің елеулі орын алатынын білдіреді, деп хабарлайды Egemen.kz зейнетақы қорының ресми сайтына сілтеме жасап.

Зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді жеке кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Өйткені қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі қысқа мерзімде есептелген кірістер осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды кем дегенде 1 жылдық көрсеткіш бойынша жасаған жөн.

2024 жылдың қарашасынан бастап 2025 жылдың қазанына дейінгі 12 ай ішінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,82 трлн теңге болды, осы кезеңдегі кірістілік – 12,58%. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 7,51% құрады.

Орта және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 қарашаға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 1062,38% болды, ал бүкіл кезеңдегі инфляция 925,20%.

Еске салайық, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік беріледі. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың enpf.kz ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.