Пара пауэрлифтингтен Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, қазақстандық спортшы Давид Дегтярев жаңа рекорд орнатты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

10 маусым күні Тараз қаласында тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстанның 7-ші спартакиадасы басталды.

Пауэрлифтинг санатында екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев өнер көрсетті. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, ол чемпион атанып, 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 180 келі штанганы көтеріп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @akmola_sportlife

Параспортшы-пауэрлифтер Давид Дегтярев – Паралимпиада ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы. Атбасар қаласының 28 жастағы тұрғыны халықаралық аренадағы алғашқы медалін 2018 жылы Джакартада өткен Азия параойындарында жеңіп алған. Ол кезде Давид 157 келі салмақты көтеріп, күміс медальға ие болды. Ал кейінгі барлық медальдары – алтын.

2020 жылы ол Жапонияның Токио қаласында өткен Паралимпиада ойындарына қатысты. Сол жарыста 174 келіні көтеріп, чемпион атанды. Ал Паралимпиададағы екінші алтын медалін Давид Францияның Париж қаласында өткен ойындарда иеленді. 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол үш мүмкіндіктің ішіндегі ең үздігінде 188 келі салмақты көтерді. Осылайша, Давид Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанып, Қазақстан спорты тарихына енді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от KAZAKHSTAN PARALYMPIC TEAM