Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов футболдан ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыбергенге тиісті құрмет көрсетуге шақырды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Журналист өз ойын желідегі парақшасында білдірді.

Асхатқа шапан жабыңдар…

«Асхат құрамамен қош айтысты. Ұлттық команда капитаны кешегі матчтан кейін кәсіпқой мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Федерация өкілдері «аа, өкіншіті, өкінішті» — деумен ғана шектелді. Басқа-басқа осы Асхаттың қазақ футболындағы орны ерекше. Әсіресе, соңғы жылдардағы жеңістер бар, жеңілістер бар, әйтеуір, үнемі команданың ішінде күйіп-пісіп жүреді. Бойында қазақи тәрибесі мен ұлттық рухы басым. Жігіттерді қалай жігерлендіретінін естіп-көріп жүрміз. Сондықтан, дәл осы жігітке шапан жауып, тиісті құрметті көрсетіңдер. Әбден лайық азамат. Оны да біз айту керекпіз бе?! Жалпы Қазақстан футбол федерациясы кішкене ұлттық менталитетімізге бет бұрып, осындай жөн-жосықты ескергені абзал. Әркім өз бетімен лаға бермей.

Білмейтіндерге айта кетейін, Асхат ұлттық құрама сапында 63 матч өткізді. Ол 2014 жылы дебют жасады. 2016 жылы құрамаға оны бас бапкер Талғат Байсуфинов, ал 2017 жылы Александр Бородюк шақырды. 2023 жылы Даниямен кездесуде мергендігімен көзге түсіп, ұлттық құрамадағы алғашқы голын тіркеді. Алыстан соққан дәл осы добы кейін Пушкаш сыйлығына үміткер болды…», — деп жазды ол.