Ол енді Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде жұмысын бастайды.
Даңқты спортшы Ұлттық құраманы 20-23 қараша аралығында Қытайда өтетін Азия чемпионатына апармақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, Талғат Жайлауов қазір "Барыс" командасының жаттықтырушылар штабында қызмет етеді. Ұлттық құрамада ол бұған дейін де, яғни 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін жұмыс істеді. 2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында, сонымен қатар 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болып қызмет атқарды.
Ал хоккейші ретінде жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында тер төкті. Ересектер құрамасында 2006 жылы дебют жасап, 9 әлем чемпионатына, 3 олимпиадалық іріктеу турниріне және 2007, 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатыса алды. IIHF аясында 60-қа жуық ресми матч өткізді.
Әр жылдары "Қазцинк-Торпедо", "Барыс" және "Номад" командаларында ойнап, хоккейдегі ең танымал қазақ есімін қалыптастырды, әйгілі спортшыға айналды. Ойыншы ретіндегі мансабын 2020 жылы Қарағандының "Сарыарқа" клубында аяқтаған еді.