«Хабар» агенттігінің Франциядағы бұрынғы меншікті тiлшiсi, әріптесіміз Әлия Сыздықова Франциядағы Шетелдік баспасөз қауымдастығының бас хатшысы болып сайланды.

APE деп аталатын бірлестіктің тарихы XIX ғасырдағы Француз революциясы кезеңінен бастау алады. Бүгінде Қауымдастық 40-тан астам елдің журналистерін біріктіреді. Ұйымның мақсаты журналистік ынтымақтастықты нығайту, шетелдік БАҚ өкілдеріне қоғамға тез бейімделуге және мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға жәрдемдесу. Отандасымыз бас хатшы лауазымында қауымдастықтың құрамын кеңейтіп, саяси конференциялар өткізуді және шетелдік журналистер үшін Қазақстанға баспасөз турын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әлия Сыздықова агенттіктің меншікті тілшісі болып, 6 жыл «24 КZ» және «Хабар» телеарналарының көрермендеріне Франциядағы оқиғаларды жеткізіп келді.

Әлия Сыздықова, Франциядағы шетелдік баспасөз қауымдастығының бас хатшысы:

- Біз жыл сайын халықаралық тақырыптарды кәсіби деңгейде көтерген үздік шетелдік журналистерді марапаттаймыз. Әріптестерім Қазақстан туралы жиі сұрайды, қызығушылық танытады, сондықтан түрлі елдерден тілшілер үшін Қазақстанға пресс-тур ұйымдастырмақпыз. Бұл Қазақстанның осы ортадағы танымалдығын арттыруға көп мүмкіндік береді деп ойлаймын.