Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерді. Оның басты себебі — инфляция. Банктер ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты.

Енді бұл жағдай қанша уақытқа созылуы мүмкін? Базалық мөлшерлеменің өсуі мен түсуі экономика мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді? Неге инфляцияға келгенде үкімет пен Ұлттық банктің болжамы екі түрлі? Осы ащы сауалдарға «Ашық алаң» ток-шоуына қатысқан сарапшылар пікір білдіріп, жауап берді. Caravan.kz медиа порталы қысқаша шолу жасайды.

Бұл мәселені Сенат депутаты Амангелді Нұғманов көтерді.

«2024 жылы көзім жетті, сол кезде өзім айтқанмын да, неге инфляцияның өсімін Үкімет басқаша, Ұлттық банк басқаша жоспарлайды? Біреуі 6-9%-тен аспайды десе, біреуі 9-12%-тен аспайды дейді. Неге екі мемлекеттік мекеме бір елде тұрып инфляцияны екі түрлі болжайды?».

Бұл сұрақты сенатор хабарға қатысушы Ұлттық банктің өкілі Рүстем Оразалинге бағыттап қойғысы келіп еді, екі спикердің ортасында тұрып сөз алған нарық сарапшысы Бауыржан Мұқанов мұндай сұраққа Ұлттық банк емес, біз секілді сарапшылар жауап бергені дұрыс шығар деді. Солай екі мемлекеттік органның статистиканы қалай жүргізетінін түсіндіруге тырысты.

«Бізде Ұлттық банк пен Үкіметтің саясаты әркез сәйкес келмеген. Әсіресе, соңғы жылдары. Неге? Өйткені Үкіметтің саясаты — экономиканы барынша ақшамен толтыру. Сол саясатты әлі күнге дейін жүргізіп келе жатыр. Оларға қойылатын міндет не? Үкіметтің KPI-і бар дейік. Қарапайым тілде айтқанда, олар неге жауап береді? Халықтың қалтасында ақшаның көп болуына. Адамдардың кедейліктен шығуы деген секілді. Соған жауап береді. Ал, Ұлттық банк сол ақшаға қанша зат сатып ала аласыз дегенге жауап береді. Сондықтан, екеуі бір-біріне қайшы».

Мысалы, Үкімет «100 мың теңгеге 25 кг ет алынды» демейді, «100 мың теңге жұмсалды» деп айтады. Ал Ұлттық банк: «Олар 110 мың теңге жұмсады, былтыр 100 мың теңге тұрған 25 кг етті ала алмайды, оған шамасы жетпейді, биыл одан аз алады» деп айтады. Яғни, теңге әлсіреді дейді. Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банктің позициясы әрқашан бір-бірімен сәйкес келе бермейді.

«Мүмкін ол дұрыс та шығар. Үкіметке тауардың қымбаттағанынан гөрі адамдардың көбірек ақша жұмсағаны маңыздырақ. «Біз ақшаны көбейтіп жатырмыз, көп беріп жатырмыз, адамдар алып жатыр» деген секілді. Олар соған жауап береді. Ал, Ұлттық банкке ақшаның сомасы емес, құны маңызды. Өйткені классикалық орталық банктердің позициясы әрқашан нарықтық көзқараста болады. Яғни екеуінің тапсырмасы екі түрлі», — деп қосты сарапшы.

Базалық ставканың 18%-ке көтерілу себебі де сөз болды. Ұлттық банктен қатысқан спикер Рүстем Оразалин:

«Бұл шешім бізге оңай болған жоқ. Тамыз бен қыркүйектегі бағалардың динамикасы біз күткеннен де жоғары кеткесін, осындай шараға барып отырмыз. Бұл бір сәтте барлығымызға ауырлау болатыны түсінікті. Бизнестің қарыз алуына, халықтың тұтынуына. Бірақ оның екінші жағы да бар, халыққа өзіне көбірек қор жинақтауға мүмкіндік береді. Тұтынуды азайта отырып, инфляцияға қысымды төмендетуге арналған бұл әдіс — классикалық, әлемдік тәжірибе» деді.

Осы жерде сарапшы Бауыржан Мұқановтың мына сөзі де ұтымды шыққан сияқты.

«Бұл жерде «экономиканы шокпен емдеу» деген тәсіл бар. Базалық ставканың 1,5 пайыздық тармаққа көбейгенін мен солай қабылдап тұрмын — «шокотерапия». «Экономиканың сапалы өсімі» деген де бар. Экономика 10-12%-ке өсті деп айта беруге болады. Бірақ сіздің сатып алатын тауарларыңыз 20-30%-ке қымбаттап кетсе, экономиканың 10%-ке өскенінің не керегі бар? Оданда экономикамыз 3-4% өссін, Еуроодақтағыдай 1-2% өссін, бірақ қымбатшылық болмасын. Сол дұрыс қой? Яғни, қарапайым тілде айтқанда, несие қымбаттай берсін, оданда тауар мен азық-түлік қымбаттамасын. Біз қазір керісінше сұраймыз: «бізге несиені азандатыңдар, азық-түлік қымбаттай берсін, несиемен ала саламыз» деп. Олай емес. Несиенің қымбаттағаны проблема болмауы керек, азық-түліктің қымбаттағаны проблема болуы керек», — деді.

Тағы бір сарапшы Бауыржан Ысқақтың сөзінше Ұлттық банк тек салдарымен күресіп жатыр, ал негізгі себеп Үкіметте жатыр.

«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі, қазір қабылданып жатқан барлық экономикалық, фискалдық, салықтық заңдылықтардың дұрыс орындалмауына алып келеді. Қазір біз экономиканы қаржыландыруға банктерді тартуға тырысып жатырмыз, тіпті заңды да қарастыра бастадық. Осы ретте ҚҚС өсімін де есепке алу керек. Осындай жағдайда банктерді тұтынушылық несиеден бас тартып, экономикаға қаржы құй деп қалай мәжбүрлей аламыз? Біздің жоғарыдағы басшыларымыз жауапкершілікті сезіне білуі керек. Кейде ақпараттарда Ұлттық банк өзі минусқа кетіп жатса да, басшылары үлкен сыйақы алып жататыны туралы айтылады. Қаржылық жауапкершіліктің болмауынан әлеуметтік мәселеге ұласады. Түптеп келгенде зардап шегетін халық», — деді қаржы сарапшысы.