Мұндай болжамды Қазақстандағы банктер жүргізген сауалнама нәтижесінен байқауға болады.


2026 жылдың I тоқсанында бизнес тарапынан несиеге сұраныс аздап төмендеген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дей тұрғанымен, ірі компаниялар тарапынан инвестициялық жобаларға қызығушылық сақталып отыр. Сол себепті, II тоқсанда бизнес несиеге сұраныстың қайта өсуі күтіледі.

ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев бұданда өзге бірқатар өзгеріс туралы айтып өтті.

– Ірі бизнес сегментінде банктердің бір бөлігі инвестициялық жобалар бойынша кейінге қалдырылған сұраныстың бар екенін және қарыз алушылардың ағымдағы экономикалық жағдайларда күту позициясын ұстанатынын алға тартты. Сонымен қатар, кейбір банкте стратегиялық жобаларды қаржыландыруға арналған сұраныс көлемі айтарлықтай өскені байқалады. Ол жалпы сандық көрсеткіштерге де әсер етті. Осылайша, ірі бизнес субъектілерінің кредиттік өтінім саны тоқсаннан тоқсанға (т/т) 16%-ға өсіп, 238-ге жетті, ал олардың орташа мөлшері 80%-ға өсіп, 18,8 млрд теңге болды, – делінген хабарламада.

Сарапшының сөзінше, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің сұранысы біршама төмендеген.

Кейбір банктердің цифрлық онлайн өнімдері есебінен орта бизнес сегментінде өтінім саны 5%-ға (т/т) өсіп, 5,0 мың болған. Өтінімдердің орташа мөлшері 15%-ға (т/т) өсті – 902 млн теңге. Шағын бизнес сегментінде өтінім саны 5%-ға (т/т) төмендеп, 912 мың болды. Ал олардың орташа мөлшері 11%-ға қысқарып, 24,8 млн теңге деңгейінде қалыптасты.

– Ірі бизнес сегментінде кредиттерді мақұлдау үлесі 10 п.п. (т/т) төмендеп, 55%-ға жетті. Бұл, негізінен, тоқсан соңында түскен және әлі қаралып жатқан өтінімдер санының көп болуына байланысты. Орта және шағын бизнес сегменттерінде мақұлдау үлесі сәйкесінше 4 п.п. және 2 п.п. төмендеп, 37% және 34% болды, – деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.

2026 жылғы II тоқсанда банктер іскерлік белсенділіктің өсуіне байланысты ірі бизнес субъектілері тарапынан сұраныс артады деп есептейді.

2026 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша банктер ипотека мен автонесие сегментінде сұраныс төмендегенін атап өтті. Ал кепілмен қамтамасыз етілген және кепілсіз тұтынушылық қарыздарға сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде қалды.

Есепті тоқсанда кейбір банктер сыйақы мөлшерлемелерін көтеріп, оның үстіне тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі қысқарғандықтан, ипотекалық қарыздарға сұраныс азайды. Осылайша, ипотека бойынша өтінім саны 21%-ға (т/т) азайып, 191 мың болды. Ал сұралатын қарыздың орташа мөлшері – 20,5 млн теңге.

– Несие беру талаптары біршама күшейтілсе де, бұл жағдай кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге деген сұраныс динамикасын әлсіреткен жоқ. Өтінім саны 1%-ға (т/т) өсіп, 103 мың болды. Ал қарыздың орташа мөлшері 12%-ға (т/т), яғни 13,6 млн теңгеге дейін өсті. Кепілсіз берілетін тұтынушылық несие сегментіндегі сұраныс та өзгеріссіз қалып отыр: жалпы өтінім саны 2%-ға (т/т) азайып, 16,1 млн болды. Ал олардың орташа мөлшері 3%-ға (т/т) өсіп, 963 мың теңгеге жетті, – деп жазылған Ұлттық банктің ресми сайтында.

Автонесие сегментіндегі белсенділіктің бәсеңдеуіне жаңа көлік бағасының арзандауы мен соның әсерінен автодилерлер ұсынатын субсидияланатын несие өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп болған. Осылайша, өтінім саны 20%-ға (т/т) қысқарып, 1,2 млн болды. Ал сұралатын соманың орташа мөлшері 12%-ға (т/т) өсіп, 7,2 млн теңгеге жетті.

Ипотекаға берілген өнімдерді мақұлдау деңгейі 1 п.п. (т/т) өсіп, 23% болды. Сонымен қатар, мақұлдау үлесі кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша 5 п.п. (т/т) төмендеп – 17%-ға, автонесие бойынша 1 п.п. (т/т) төмендеп – 15%-ға, ал кепілсіз қарыздар бойынша 1 п.п. (т/т) азайып – 32%-ға жетті.

2026 жылғы ІІ тоқсанда банктер ипотекаға сұраныс артады деп күтеді. Бөлшек несиелеудің басқа сегменттері бойынша сұраныс 2026 жылғы І тоқсан деңгейінде сақталады деген болжам айтылады.