Тұңғыш президенттің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты тарап жатқан ақпаратқа пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кейінгі уақытта кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығы мен қазіргі жағдайына қатысты әртүрлі болжамдар, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Осыған орай ресми түсініктеме беруді жөн деп санаймын: сәуірден бері Сара Алпысқызы Назарбаева Алматы қаласындағы Президент іс басқармасының медициналық орталығына қарасты ұлттық госпитальде жоспарлы ем қабылдап келеді. Барлық медициналық шара бекітілген стандарттарға сай, отандық мамандардың бақылауымен жүзеге асырылып жатыр", — деді Айдос Үкібай.
Ол БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын Сара Алпысқызының есімін тексерілмеген ақпаратпен байланыстырмауға, негізсіз пайымдар таратуға жол бермеуге шақырды.
5 мамырда Сара Назарбаева ауыр хәлде жатқаны белгілі болды. Кейінірек Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.
Сара Назарбаева туралы не белгілі?
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі — Қонақаева.
1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.
"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!