Астанада дәстүрлі «Мұғалім Talks» іс-шарасы өтті. Басқосу «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылды.

Оған еліміздің әр өңірінен 300-ден аса білім саласының майталмандары қатысты. Жиында жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен инновация тақырыбы қаузалды. Ал еңбегі ерек педагогтарға партиялық және ведомстволық наградалар табыс етілді. Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Ол «AMANAT»-тың негізгі тірегі педагогтар екенін атап өтті. Себебі Қазақстандағы 600 мың мұғалімнің 260 мыңға жуығы – партия мүшесі.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет — адал, білімді, әділетті азаматты тәрбиелеу. Бұл процесс үйден басталады. Содан кейін мектепте жалғасын табады. Әр баланың Отаншыл болып өсуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі, айналасына, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Президент айтқандай, әр адам өзі адал болса, Заңды құрметтесе ғана Әділетті Қазақстан құра аламыз. Ал ондай буынды тәрбиелеу мұғалімдердің тарихи миссиясы. Осы істе партия әрдайым сіздермен бірге.