Миграциялық дағдарыс — Еуропа үшін әлі де ең өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Құрлыққа келушілер саны азайғанымен, теңіздегі қайғылы оқиғалар толастар емес. Ал босқын мәртебесін сұраған адамдардың саны рекордтық деңгейге жеткен. Гуманитарлық қиындықтар мен саяси айтыс-тартыстар күшейген сәтте бұл мәселе — Еуроодақтың бірлігі үшін үлкен сынақ.

Орталық Жерорта теңізінің толқындарымен жарысып, Sea-Watch 5 кемесі тағы да мигранттарды құтқаруға шықты. Мұндай операциялар қазір еуропалық құтқарушылар үшін қалыпты міндетке айналған. БҰҰ Босқындар істері жөніндегі агенттігінің мәліметінше, былтыр Еуропаға теңіз арқылы келгендердің саны 24 пайызға азайып, шамамен 200 мың адам болған. Алайда теңіздегі қайғылы оқиғалар азаймай тұр. 2024 жылы Испания, Италия, Мальта, Грекия және Кипр бағыттарында кем дегенде 3,5 мың адам суға кетіп қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған.

Тулина Демели, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі басқармасының өкілі:

- Адамдар әлі де қашып жатыр және қаша береді. Ұнаса да, ұнамаса да – бұл шындық. Еуропа елдерінің үкіметтері бұл жағдайға шынайы қарауы керек. Қашып жүріп «өз өмірімді құтқарамын» дейтін адамдарды райынан қайтара алмаймыз.

Еуропадағы миграциялық дағдарыс бүгінде созылмалы дертке айналғандай. Келушілердің жалпы саны азайғанымен, босқындардан келіп түскен өтініштер өте көп. Биылғы көктемде олардың саны 1,5 миллионға жуықтады. Бұл елдердің бюджетіне ауыр салмақ түсіріп, гуманитарлық және әлеуметтік түйткілдерді көбейтті. Ең бірінші болып Франция, Германия және Мажарстандағы ультраоңшыл саясаткерлер дабыл қағуда. Олар миграцияны Еуропаның қауіпсіздігі мен мәдени болмысына төнген қатер деп бағалайды. БҰҰ-ның дерегі бойынша, кейінгі екі жылда шекара күзетінің күшеюі арқасында Еуроодақтың оңтүстігінде шекараны заңсыз кесіп өту оқиғалары 30 пайызға азайған.

Александр Добриндт, Германияның ішкі істер министрі:

- Біз ішкі шекаралық бақылаудың уақытша шара екенін түсінеміз. Басты мақсатымыз – ішкі шекарасыз одақ болу. Ол үшін сыртқы шекараларды қорғау жүйесі мықты жұмыс істеуі керек. Мысалы, Польша мен Беларусь арасындағы шекаралық бақылау деңгейі осының айқын үлгісі.

Қазір Еуропа миграция саясатын қатаңдатып жатыр. Бүгінде босқындардың өтініштерін Еуропа аумағынан тыс жерлерде қарау, Польша мен Германия арасындағы шекаралық тексерістерді күшейту, шекарадағы автоматтандыру жүйелерін енгізу сынды шаралар қолға алынған. 2026 жылдың маусымында күшіне енетін жаңа Миграция және баспана пакті елдер арасындағы жауапкершілікті әділ бөлуді көздейді. Құжатта әр мемлекетке жыл сайын 30 мың адамды қабылдау міндеттелген. Ол орындалмаған жағдайда, қаржылай өтемақы төленуге тиіс. Алайда бұл шешім Еуропадағы саяси-әлеуметтік текетіресті күшейтіп жіберуі бек мүмкін.

Авторлары: Әйгерім Асылхан, Динара Орынтай