Ақтөбе өңірінде фермерлер мен ауыл тұрғындары арасында алғашқы рет цифрлық форматта сауалнама жүргізілді. Қатысушылардың белсенділігі жоғары болды. Шара болашақ кооперативті талқылау жобасының басты сәтінің біріне айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жуырда БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының (ҚЭҰҚ) «Климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жайылымдық алқаптарды қалпына келтіруге арналған агролесомелиорация» (GCP/KZK/005/GFF) жобасы аясында Ақтөбе облысының Айтекеби мен Мұғалжар аудандарының фермерлеріне арналған көшпелі семинарлар мен тәжірибелік көрсетілімдер өткізілді.

Бұған дейін, 1 қыркүйекте облыс әкімі Асхат Шахаров бұл бастаманың ерекше маңызын атап өтіп, климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары ауыл шаруашылығының дамуы мен жайылымдардың өнімділігін сақтауымен тікелей байланысты екенін жеткізген болатын. Аралтоғай мен Талдысай ауылдық округтерінде жоба сарапшылары жергілікті фермерлермен бірлесіп, еркекшөп пен түйежоңышқа сияқты малазықтық дақылдардың егістігіне арналған тәжірибелік үлгі алқаптарын құрды.

Тұқым шаруашылықтар арасында кезек принципін ескере отырып әрі заманауи ауылшаруашылық техникасын, соның қатарында чизельді соқаны пайдалану арқылы ғылыми негізделген әдістеме бойынша себілді. Бұл жұмыс фермерлердің үлкен қызығушылығын тудырды.

Жергілікті қауымдастықтарды оқыту мен тартуға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта бірқатар ауылдар мен аудан әкімдері қатысқан көшпелі семинарлар өтті. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарымен кездесулер де ұйымдастырылды. Әртүрлі форматта өткен бұл кездесулерде жайылымдардың тозуын азайтуға және климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған шаралар талқыланды. Фермерлер, үй шаруашылығының өкілдері, әйелдер мен жастар өз пікірлерін білдіріп, ортақ ұсыныстар жасады.

ФАО мен ҚЭҰҚ өткізген оқыту семинарлары жаңа типтегі ауыл кооперативтерін құру мүмкіндігі арқылы өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдерге арналған видеороликтер көрсетті.

«Фермерлердің жайылымдарды қалпына келтірудің практикалық әдістеріне қызығушылығы зор екенін көріп отырмыз. Маңыздысы – жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы. Бұл бастаманың тұрақтылығы мен әрі қарай дамуының кепілі», деді жоба сарапшысы.

ФАО мен ҚЭҰҚ-ның Ақтөбе облысындағы жобасы климаттық өзгерістерге бейімделу әлеуметтік-экономикалық дамуымен ұштаса алатынының айқын үлгісіне айналатыны сөзсіз.