Ол аса ірі көлемде есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтап, көлігімен тасымалдағаны үшін айыпталды.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шетелдік азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Күдікті Сарыағаш ауданындағы "Жібек жолы" шекара бекетінде ұсталды. Қызметтік иттер оның қол жүгінен тыйым салынған заттарды тапты. Тексеру кезінде сөмкесінен 0,0642 гр гашиш, 0,1156 гр және 0,0810 гр кептірілген марихуана, ал көлігінен 56,22 гр мефедрон, 3,23 гр гашиш және 1,40 гр кептірілген марихуана анықталды.

Сотталушының өкінуі және жас балаларының болуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын жағдайлар тіркелген жоқ.

Сот үкімімен ол 13 жылға бас бостандығынан айырылып, "Chevrolet Cobalt" маркалы көлігі мемлекет меншігіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.