Елде букмекерлік кеңселер мен онлайн ойындардың жарнамасына қатысты жаңа шектеулер бір жыл бұрын енгізілді. Бірақ блогерлер неге бұл заңды әлі де белшесінен басып отыр деген сұрақтың жауабы бар сияқты. Түсіндіріп көрсек .
Елдегі заңға сәйкес, казино, букмекерлік кеңселер мен құмар ойындардың жарнамасын жасауға тыйым салынған. Тек спорттық сайыстарды тікелей эфирде көрсететін телеарналар мен БАҚ өкілдеріне рұқсат. Оның өзінде тек трансляция кезінде ғана. Ал әлмеуттік желіде блогер немесе сіз бен біз секілді жеке тұлғалар құмар ойындарды насихаттаған жағдайда 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Бір жылдың ішінде тағы қайталанса, 170 айлық есептік көрсеткішке артады. Ал сол казинолардың жарнамасына тапсырыс берушілер блогерлерге қанша төлейді?
Заңсыз жарнама жасағандарға салынатын айыппұл көлемі:
Бірінші рет – 60 АЕК = 221 520 ₸
Қайталанса – 170 АЕК = 627 640 ₸
Мәселен, Никонет нигімен танылған – Наиль Тұрғанов есімді блогер. Инстаграм желісінде 2,5 млн-ға жуық жазылушысы бар. Ол онлайн казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам ақша алған. Ал «Наконай Қарапайым» лахаббатымен белгілі болған блогер – Нұрғазы Тоқтаров. Желідегі жұртты заңсыз ойынға шақырып, науқан жүргізген. Нәтижесінде 16 млн теңгедей табыс тауыпты.
Заң бұзған блогерлердің ішінде бұрымдылар да баршылық. Олардың арасында сіз оқып жүргендер де болуы мүмкін. Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Әубакірова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова. Тағысын тағы. Осылар секілді 740 мың оқырманы бар Мәриям Құлжабаева. Ол өз парақшасында 350 мың теңге үшін оқырмандарын онлайн казино ойнауға шақыруға дайын екен және бұл оның парақшасына салынатын посттың емес, бар болғаны 24 сағат тұратын сторисының құны.
Қорытындылай айтқанда, заңсыз жарнама жасағандарға салынатын айыппұл көлемі 221 мың теңгеден басталып, 627 мың теңгеден аспайды. Ал заңсыз жасаған жарнамасы үшін кемі 15 млн теңгеден астам табыс таба алады.
Айыппұл мөлшері:
221 520 ₸ — 627 640 ₸
Блогерлердің заңсыз жарнама арқылы табатын табысы:
350 000 ₸ – 15 000 000 ₸
Осылайша құзырлы орган қызметкерлерінің салған айыппұлын блогерлер шыбын шаққан құрлы көрмейтінін байқауға болады. Заңнан қаймықпайтындарды басқаша қалай ықтыруға болады? Сарапшы пікірін білейік. Қазір бізбен тікелей эфирге Орал қаласының тұрғыны Нұрдәулет Мэлс қосылмақ. Ол 4 жылдан бері заңсыз жарнама жасаған блогерлердің парақшасын бұғаттап, алданған адамдардың ақшасын қайтаруға жәрдемесіп жүр.