2020 жылдан бері ұстаздардың еңбегін заңсыз пайдалану жағдайлары үш есе азайған. Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту министрлігінде өткен жиында айтылды. Сала министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен, қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді. Басқосуда «Педагог мәртебесі туралы» заңнын орындалуы талқыланды. Кейінгі кезде педагогтардың еңбегін міндеттен тыс пайдалану азайып, оң тенденция байқалғанымен, бұл мәселе кей өңірлерде әлі кездеседі екен. Тіпті олардың ар-намысына тию, билет сатып алуға немесе түрлі іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу де бар. Мұндай жағдайда педагог арнайы кеңеске шағымдана алады.

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:

Қазіргі таңда педагогтардың барлығы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан құрылған кеңес туралы біледі. Бұл жайында әлеуметтік желілерде кеңінен айтылып жүр, сондай-ақ жеке қабылдаулар да өткізіледі. Мұндай кезде кез келген педагог өз құқығын қорғау үшін көрсетілген байланыс телефондары арқылы тікелей департаментке хабарласа алады.

Темірлан Нұржанұлы